Білім

Үздік ұстаздардың іс-тәжірибесі ұсынылады

Ұстаздар күні

Облыста 25 мыңға жуық педагог бар. Олардың басым бөлігі орта білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүр.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың қатысуымен баспасөз жиыны өтіп, Ұстаздар күні кәсіби мерекесі қарсаңында облыста ұйымдастырылатын шаралар туралы айтты.

Әр қазан айының алғашқы жексенбісінде елімізде Ұстаздар күні атап өтіледі. Бұл — білім беру саласының мамандарына ортақ мереке. Біздің облыста 25 мыңға жуық педагог бар. Оның ішінде 19 мың адам орта білім беру ұйымдарында еңбек етеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында — үш мыңға жуық, арнайы білім беру ұйымдарында — мыңға жуық және кәсіптік-техникалық білім беру саласында екі мыңнан астам педагог еңбек етіп жүр. Бірнеше жыл бұрын елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Заңда еліміздегі барлық педагогтың кәсіби құқығы мен міндеттері айқындалған, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Басқарма басшысының орынбасары ұстаздар мерекесіне орай биыл өңірімізде өткізілетін шараларға тоқталды. Олардың негізгілері 30 қыркүйекке жоспарланған.

Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде «Ақтөбе облысының үздік ұстазы» және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атақтары белгіленеді. Оған лайықты педагогтарды арнайы комиссия анықтайды. Биылғы мереке қарсаңында да комиссия отырысы өтіп, 5 адам — облыстың үздік ұстазы, 3 адам құрметті ұстаз ретінде танылған. Оларға бекітілген мөлшерде ақшалай сыйақы беріледі.

Сондай-ақ биыл «Ақтөбе облысының үздік педагогтары энциклопедиясын» әзірлеп отырмыз. Мұнда ақтөбелік үздік педагогтардың іс-тәжирибесі жинақталған, бұл барлық ұстаздар, әсіресе жастар үшін өте керек. Сондықтан ғаламтор арқылы электронды нұсқасы да айналысқа енгізіледі, яғни біздің үздік ұстаздардың іс-тәжірибесі үйренемін, үлгі етемін деген кез келген педагог үшін қолжетімді болмақ, —  деді Нұргүл Бертілеуова.

Айна САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button